Алматының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері оның экономикалық және адами әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Қала әкімінің мақаласында мегаполистің экономика көлемі шамамен 72 млрд доллар екені, ал Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы Алматыға тиесілі екені айтылған. Сонымен қатар қала елдің жалпы ішкі өнімінің төрттен біріне жуығын қалыптастырып, мемлекеттік бюджет кірістерінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді.
Алайда экономикалық өсіммен бірге мегаполис алдында инфрақұрылымдық мәселелер де тұр. Қалада көлік кептелісі, инженерлік желілердің тозуы, ауа сапасы, мектептер мен балабақшаларға сұраныстың артуы және қоғамдық кеңістіктерге түсетін жүктеме өзекті болып отыр.
Осыған байланысты Алматының дамуында басты назар адамның күнделікті өміріне әсер ететін инфрақұрылымға аударылмақ. Көлік жүйесін жаңғырту, инженерлік желілердің қуатын арттыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, тұрғын үй мәселесін реттеу және экологиялық жағдайды жақсарту бағыттарында жұмыстар жүргізіледі.
Қала әкімінің айтуынша, Алматының маңызды артықшылықтарының бірі – табиғи ерекшелігі. Тау мен қаланың жақындығы мегаполисті туризм үшін тартымды етеді. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін Алматы тау кластерін дамыту жоспарланып отыр. Жоба аясында Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка және басқа да туристік нысандарды біріктіретін біртұтас тау жүйесін қалыптастыру көзделген.
Бұл бағыт тек қысқы спортпен шектелмейді. Жаз мезгілінде жаяу және велосипед бағыттары, серуендеу аймақтары және отбасылық демалыс орындары ұсынылмақ. Осылайша тау туризмін жыл бойы жұмыс істейтін экономикалық бағытқа айналдыру жоспарланып отыр.
2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 млн турист келген. Оның 750 мыңнан астамы шетелдік қонақтар болған. Ал алдағы кезеңде туристер санын арттырумен қатар, олардың қалада өткізетін уақытын және туризмнің экономикаға қосатын үлесін ұлғайту міндеті қойылған.
Алматының туристік әлеуеті табиғатымен ғана шектелмейді. Қала маңындағы Сақ қорғандары, Боралдай қорымы және Есік өңіріндегі тарихи нысандар да туристік бағытқа енгізілуі мүмкін. Осы мақсатта «Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құру жоспарланған.
Қала құрылысы бағытында да жаңа тәсілдер қарастырылуда. Оның бірі – тұрғын үймен бірге мектеп, балабақша, емхана, саябақ, сауда орындары және жұмыс орындарын қатар жоспарлау. Бұл тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері үшін қала орталығына ұзақ қатынауын азайтуға бағытталған.
Сонымен бірге көшелерді жаңғыртуда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидатына көшу көзделіп отыр. Яғни жолды жөндеумен қатар тротуар, жарықтандыру, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеттері мен шағын сәулет нысандары да біртұтас жоба ретінде қарастырылады. Алматы әкімдігі бұған дейін де осы қағидатты қаланы күтіп ұстау мен абаттандыру жұмыстарына енгізу жоспарын жариялаған.
Тағы бір маңызды бағыт – қаланың полицентрлік моделін қалыптастыру. Қазір Алматыдағы экономикалық және іскерлік белсенділіктің едәуір бөлігі орталыққа шоғырланған. Болашақта қаланың әр бөлігінде жұмыс орындары, білім беру, медицина, мәдениет, сауда және демалыс орындары бар жаңа орталықтар құру көзделеді.
2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» және Сайран көлінің шығыс бөлігіндегі Almaty Downtown полицентрлерін қалыптастыру жоспарланған. Кейін Алматының Батыс қақпасы, Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлерін дамыту көзделеді.
Мұндай модель көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, қаланың әр ауданында экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Технология, ғылым, цифрлық өнімдер, креативті индустрия және инновациялық кәсіпкерлік секілді жоғары интеллектуалдық секторларды дамытуға да басымдық берілмек.
Осылайша Алматының келешектегі даму концепциясы экономикалық өсіммен қатар, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Қала үшін басты өлшем – жаңа ғимараттардың саны емес, адамдардың өмір сүру сапасы, қауіпсіздігі мен мүмкіндіктерінің артуы.
Дархан Сатыбалдының мақаласында Алматының болашағы қала инфрақұрылымын жаңартумен ғана емес, адам капиталы, технология, туризм, ғылым және мәдениетті қатар дамыту арқылы қалыптасатыны атап өтіледі.