Үкімет мәліметінше, 2024–2025 жылдары туризмге салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Қазір елімізде жалпы құны шамамен 1,3 триллион теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жобаларды кезең-кезеңімен іске қосу нәтижесінде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай 25 жаңа қонақүй кешені бой көтермек.
Олардың қатарында әлемге танымал Hilton және Mandarin Oriental қонақүй брендтері де бар. Бұдан бөлек, Ой-Қарағай курорттық аймағын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда.
Туризм инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін тағы 24 әлемдік деңгейдегі қонақүйді 11 өңірде орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру мен инвестициялық ынталандыру тетіктері ұсынылуда.
Туристер саны да артып келеді
Қазақстанға келетін шетелдік туристердің саны да өсіп отыр. 2025 жылы елге 15,7 миллион шетел азаматы келген. Оның 11,1 миллионы турист ретінде тіркелген. Шетелдік қонақтар Қазақстан аумағында шамамен 2,9 миллиард доллар жұмсаған.
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға шамамен 7 миллион шетелдік турист келген. Олардың арасында Өзбекстан азаматтары – 2,5 миллион, Қырғызстаннан – 1,6 миллион, Ресейден – 1,5 миллион адам бар.
Ішкі туризм көрсеткіші де жоғарылаған. Қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауы 2023 жылғы 7,1 миллион адамнан 2025 жылы 8,7 миллионға дейін өскен.
Қай өңірлерге туристер көп барады?
2026 жылдың бірінші тоқсанында курорттық аймақтар арасында Алматының тау кластері көш бастады. Бұл бағытта 509,3 мың адамға қызмет көрсетілген.
Одан кейін Щучинск-Бурабай курорттық аймағы – 116,7 мың, Маңғыстау – 53,3 мың, Түркістан – 39,4 мың және Алтай өңірі – 30,3 мың турист көрсеткішімен тұр.
Жалпы, Қазақстанда орналастыру орындарының саны да көбейіп келеді. 2023 жылы олардың саны 3 992 болса, 2025 жылы 4 482-ге жеткен. 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елде 4,5 мыңнан астам орналастыру нысаны жұмыс істеген.
Үкімет туризмді экономиканың маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытуды жалғастырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы инфрақұрылымды кеңейтуді және халықаралық туристік нарықтағы Қазақстанның тартымдылығын арттыруды көздеп отыр.