Международное рейтинговое агентство S&P Global Ratings Қазақстанның банк секторына қатысты салалық тәуекел бағасын «7»-ден «6»-ға көтерді. Сонымен бірге экономикалық тәуекел бойынша болжамды «тұрақтыдан» «оңға» өзгертті.
Бұл шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте жарияланды. S&P бағалауын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жұмысына қатысты оң өзгерістермен байланыстырды.
Агенттік дерегінше, рейтингтік агенттік соңғы жылдары банк секторын бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған шаралардың нәтижесін жоғары бағалаған. S&P бұл өзгерістер қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға көмектесіп, экономикалық құлдырау кезеңдерінде де тәуекелдерді басқаруды жеңілдетеді деп санайды.
Есепте Қазақстандағы банк реттеу жүйесі өңірдегі бірқатар елдермен салыстырғанда тиімдірек екені айтылған. Атап айтқанда, агенттік оны Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжанмен салыстырғанда жоғары бағалады.
S&P қадағалау шараларының қатарында активтер сапасын тұрақты бағалау, Supervisory Review and Evaluation Process (SREP) әдістемесі бойынша тексеру рәсіміне көшу, сондай-ақ банктердің тәуекелге бейімділігін шектеу тетіктері бар екенін атап өтті. Бұл әсіресе қарқынды өсіп жатқан бөлшек сегментке қатысты.
Агенттік қазақстандық банктердің төзімділігін де атап өтті. Оның бағалауынша, соңғы жылдары сектор геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге салыстырмалы түрде орнықты болып отыр, ал қаржы жүйесіндегі жалпы кредиттік қауіп бақылауда қалып тұр.
Оң болжам экономикалық көрсеткіштердің тұрақтануы, инфляцияның баяулауы және активтер сапасының жақсаруы аясында қаржы жүйесіне түсетін тәуекелдердің азаюы күтілетінін көрсетеді. Бұған дейін S&P Global Ratings Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерген болатын.