Байланыс бағасының өсуі соңғы жылдары тұрақты сипат алған. 2020 жылы өсім 1,7% болса, 2023 жылы 5,7%-ға жетті. Ал 2024 жылы баға бірден 21,9%-ға қымбаттады. 2025 жылы өсім 7,1% болды.
Алайда 2026 жылғы көрсеткіштерді өткен жылдармен тікелей салыстыруға болмайды. Биыл статистиканы есептеу әдістемесі өзгерді: мобильді интернет те мобильді байланыс санатына енгізіліп, есептеу аясы кеңейді.
Тарифтерді жекелеген операторлар да қайта қарады. Beeline 15 қаңтардан бастап кейбір архивтік тарифтердің абоненттік төлемін көтерді, бірақ пакет көлемін ұлғайтпады. Tele2 17 шілдеден бастап «Выгодный 3» тарифін 4,4 мыңнан 5,2 мың теңгеге дейін қымбаттатты. Бұл – 18,2% өсім. Дегенмен оператор пакет құрамын да кеңейтті. Ал Kcell 2025 жылдың көктемінде тарифтерді көтеруді жоспарлағанымен, клиенттердің өтініштерінен кейін бұл шешімнен бас тартқан.
Халықаралық салыстыру да қызық. Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) 2025 жылғы дерегінде 140 минут, 20 SMS және 5 ГБ интернеттен тұратын стандартты мобильді байланыс себетінің құны Қазақстанда 11,8 доллар болған. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 2,3 доллар, Қырғызстанда 2,9 доллар, Тәжікстанда 7,2 доллар. Орталық Азияда Қазақстаннан қымбат көрсеткіш тек Түрікменстанда – 51,4 доллар.