Қазақстанның жаңа Салық кодексіне сәйкес, құны 18 000 МРП және одан жоғары жеңіл автокөліктер акцизделетін тауарларға жатқызылған. Салық мөлшерлемесі — көліктің сатып алынған құнының 10%-ы.
Яғни салық тек белгіленген шектен асқан сомаға емес, көліктің толық құнына есептеледі. Мысалы, 80 млн теңгеге көлік сатып алған адам 8 млн теңге, ал 100 млн теңгелік көлік үшін 10 млн теңге акциз төлейді. 150 млн теңгелік автокөлікке төлем 15 млн теңге болады.
Бұл төлем жыл сайынғы көлік салығын алмастырмайды. Яғни қымбат автокөлік иесі акцизді сатып алу кезінде бөлек төлеп, кейін көлік салығын жалпы тәртіппен өтейді.
Сонымен қатар автокөлікті кейін қайта сатқан жағдайда да акцизге қатысты міндеттеме туындауы мүмкін. Мамандардың түсіндіруінше, бұл норма қымбат көліктерді Қазақстан ішінде қайта сату жағдайларына да қатысты қолданылады.
Ал көлікті сатқан кезде туындайтын мүліктік табыс салығы — басқа төлем. Мысалы, автомобиль бір жылдан аз уақыт меншікте болып, кейін қымбатқа сатылса, сатушыда мүліктік табыс бойынша салық міндеттемесі пайда болуы мүмкін.