weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанда орташа жалақы 500 мыңға жақындады: көпшілік қанша алады?

Қазақстанда орташа жалақы 500 мың теңгеге жақындады. 2026 жылдың екінші тоқсанында оның көлемі 486 388 теңгеге жетті. Бір қарағанда, бұл қазақстандықтардың табысы айтарлықтай өскенін көрсететіндей. Алайда статистикаға тереңірек қарасақ, елдегі жалақының шынайы көрінісі біршама өзгеше. Бұл туралы Newsroom.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда орташа жалақы 500 мыңға жақындады: көпшілік қанша алады?
Фото: Жасанды интеллект

Негізгі айырмашылықты орташа және медианалық жалақы арасынан көруге болады. Екінші тоқсанда медианалық жалақы 348 415 теңгені құрады. Демек, жұмысшылардың жартысы айына осы сомадан аз, ал жартысы одан көп табыс алады. Яғни орташа көрсеткіш пен көпшілік алатын жалақының арасында шамамен 138 мың теңге айырмашылық бар.

Бұл айырмашылықтың басты себебі — жоғары жалақы алатын қызметкерлердің орташа көрсеткішті көтеруі. Мәселен, тау-кен өнеркәсібінде орташа жалақы 980 334 теңгеге жетеді. Қаржы және сақтандыру саласында да табыс елдегі орташа деңгейден бірнеше есе жоғары.

Қазақстан өңірлеріндегі жалақының шынайы көрінісі


Өңірлер арасында да алшақтық бар. Ең жоғары орташа жалақы Маңғыстау облысында — 673 656 теңге, Астанада — 647 920 теңге, Атырау облысында — 631 555 теңге. Алматыда бұл көрсеткіш 610 371 теңгені құрады.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында орташа жалақы 363 123 теңге деңгейінде. Түркістанда — 370 964, Жамбылда — 375 456, Жетісуда — 377 798 теңге.

Бірақ жалақы статистикасындағы тағы бір маңызды нюанс бар. Ұлттық статистика бюросының есебінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы қамтылмайды. Сондықтан көрсеткіш елдегі барлық жұмысшының нақты табысын толық көрсете бермейді.

Оған қоса, номиналды жалақының өсуі қазақстандықтардың сатып алу қабілеті дәл сондай деңгейде артты дегенді білдірмейді. Инфляцияны ескергендегі нақты жалақы бір жылда 1,8%-ға төмендеген.

Қазақстандықтардың орташа жалақысы 486 мың теңге дегеніміз математикалық орташа көрсеткіш, ал 348 мың теңге — жұмысшылардың табысын сипаттайтын медианалық көрсеткіш. Екеуінің айырмашылығы елдегі табыс деңгейінің біркелкі емес екенін көрсетеді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→