Ұлттық банктің мәліметінше, монета «Мифтер, аңыздар, комикстер» сериясы аясында шығарылған. Оның дизайны қазақ фольклорының әйгілі туындысы – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының желісі бойынша әзірленген. Дастанда мәңгілік махаббат, адалдық пен беріктік дәріптеледі.
Жаңа монета мельхиор қорытпасынан жасалған. Салмағы 15 грамм, диаметрі 33 миллиметр, номиналы 200 теңге. Монетаның жалпы тиражы 7 мың дана болады.
Коллекциялық монеталар 2 қыркүйектен бастап Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатылымға шығарылады.
Сонымен қатар бұл монеталар тек коллекционерлерге арналған жәдігер емес. Ұлттық банктің түсіндіруінше, коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында белгіленген номиналды құны бойынша барлық төлем түрінде қабылдануға тиіс. Сондай-ақ оларды банктік шоттарға есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.