6 қыркүйектен бастап үкімет немесе ұлттық холдинг күйреу қаупі бар жүйелік маңызы бар банктердің акцияларын мемлекеттік қаражат есебінен сатып алуға құқылы болады. Мұндай тәртіпті Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітті.
Әрбір проблемалы банк бойынша жеке жоспар әзірленеді. Алдымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық сауықтыру рәсімін іске қосып, кейін банкті қолдауға мемлекеттік ақша қажет пе, соны шешеді.
Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес банктің жай-күйін, оны құтқару жоспарын және оның қаржы жүйесіне ықтимал салдарын бағалайды. Сондай-ақ басқа шаралардың жеткілікті-жеткіліксіз екенін және Ұлттық банктің шұғыл қарыз бере алатынын анықтайды.
Егер кеңес мемлекеттің қатысуын қолдаса, үкімет қанша акция сатып алынатынын, олардың бағасын және қаражаттың қайдан алынатынын айқындайды. Бұл үшін республикалық бюджет, өзге де мемлекеттік қаражат пен кепілдіктер пайдаланылуы мүмкін.
Егер пакет құны ұлттық холдингтің меншікті капиталының 10%-ынан аспаса, акцияларды холдинг сатып алады. Ал сома бұдан жоғары болса, сатып алушы тарап ретінде үкімет шығады.
Жауапты органдар әр тоқсан сайын қаражаттың жұмсалуы мен сатып алынған пакеттің жай-күйі туралы есеп беріп отырады. Банк тұрақтанғаннан кейін мемлекет акцияларды жаңа инвесторға сатуға тиіс.
Жаңа құжат бұған дейін айтылған тетікті толықтырады. Оған сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалы банктің бір бөліктегі міндеттемелерін есептен шығарып, иелерін олардың келісімінсіз өзгерте алады және салымдар мен жұмыс істеп тұрған активтерді тұрақтырақ ұйымға бере алады. Алайда азаматтардың салымдарын шығынды жабуға пайдалануға болмайды.