Вице-министрдің айтуынша, министрлік бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттар жолдаған. Шектеу білім беру ұйымдарының аумағында сыйлықтар мен гүлдер беруге қатысты.
«Мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл немесе қандай да бір сыйлық беруге жол берілмейді. Біз мұны бөлек атап көрсеттік. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ», – деді Шынар Акпарова.
Министрліктің қазіргі ұстанымы бұған дейінгі пікірден өзгеше. 2024 жылы сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылар мен ата-аналардың мұғалімдерге гүл сыйлауын жақсы дәстүр деп атаған. Сол кезде министрлік гүлді ұстазға деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде бағалаған.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де 1 қыркүйекте мұғалімге гүл немесе сыйлық беруге жалпы тыйым жоқ екенін түсіндірген. Алайда сыйлық мұғалімнің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты қандай да бір пайда беруге бағытталмауы тиіс екені айтылған.