Білім беру саласының өкілдерінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстанда үш ауысымда оқытатын 183 мектеп болса, бүгінде олардың саны 48-ге дейін қысқарған.
Newsroom.kz тілшісі жыл сайын оқу жылының басталуына дейін мектептердің дайындығы айтылғанымен, бірқатар өңірде мектептердің шамадан тыс толуы және балалардың екі-үш ауысымда оқуы мәселесі сақталып отырғанын айтып, биыл бұл бағытта қандай өзгеріс бар және жаңа оқу жылына дайындық қаншалықты жүргізілді? деген сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова:
«Биыл 101 мектеп салынып жатыр. Бұл мектеп тапшылығын 59,3 пайызға азайтуға бағытталған. Оның ішінде 13 мектеп толықтай үш ауысымнан босатылады. Кезең-кезеңімен осындай мектептерді азайту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді.

Сонымен қатар биыл 59,3 мың балаға арналған 101 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 72-сін аяқтау жоспарланған. Бұл мектептерде 38,2 мың балаға қосымша орын ашылады. Бұдан бөлек, жалпы 117 мың балаға арналған 178 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 91-і ауылдық, 87-сі қалалық мектеп. 1 қыркүйекке дейін 106 мектептегі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.