Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық топтың екі жыл бойы көліктерді белгіленген талаптарды айналып өтіп заңсыз тіркеп келгені анықталған.
Алдымен Қазақстанға техникалық регламент талаптарын бұза отырып әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз тіркелген. Кейін қылмыстық схема жеңіл автокөліктерге де қолданылған.
Тергеу мәліметінше, «егіздерді жандандыру» деп аталатын схема арқылы заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа машиналардың VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркеуге қойылған.
Схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жекелеген жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізіп, жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуге көмектескен.
Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке төленбеген тіркеу алымы 5,4 млрд теңгені, ал кәдеге жарату алымы 1,2 млрд теңгені құраған. Жалпы шығын 6,6 млрд теңгеден асқан.
Тергеу барысында көлік иелері бастапқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат өтелген.
Сот шешімімен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған бес автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Ал іске қатысы бар нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот әр сотталушының рөлі мен қатысу дәрежесін ескеріп, 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.