weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

11,9 трлн теңге қайда жұмсалады? Үкімет Ұлттық қор жоспарын таныстырды

Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылда республикалық бюджетті Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландыруды жоспарлап отыр. 2027–2029 жылдары қордан шамамен 11,9 трлн теңге алу көзделген. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

11,9 трлн теңге қайда жұмсалады? Үкімет Ұлттық қор жоспарын таныстырды
Фото: Ашық деректер көзі

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдің 2027–2029 жылдарға арналған даму болжамын таныстыру кезінде мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 4,43 трлн теңге, 2028 жылы 3,93 трлн теңге, ал 2029 жылы 3,5 трлн теңге бағытталады.

Қаражаттың бір бөлігі кепілдендірілген трансферт түрінде беріледі. Оның көлемі 2027 және 2028 жылдары 2,43 трлн теңгеден, ал 2029 жылы 2 трлн теңге болады.

Сонымен қатар нысаналы трансферттер қарастырылған. 2027 жылы оған 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден бөлу жоспарланып отыр. Үкімет бұл қаражатты стратегиялық және жалпыұлттық маңызы бар жобаларға, сондай-ақ аса қажетті нысандарды қаржыландыруға бағыттауды көздейді.

Бюджет шығыны қанша болады?

Министрдің айтуынша, республикалық бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы 29,4 трлн теңге, ал 2029 жылы 29,6 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

Ал бюджет кірісі 2027 жылы 19,9 трлн теңге, 2028 жылы 21,7 трлн теңге, 2029 жылы 23,4 трлн теңге болады деп күтіледі.

Үкіметтің болжамынша, Ұлттық қордан қомақты қаражат алынғанымен, қордың валюталық активтері өседі. Атап айтқанда, оның көлемі 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды деп болжанып отыр.

Жоспар бойынша, бюджет тапшылығы да біртіндеп қысқарады: 2027 жылы ол ЖІӨ-нің 2,3 пайызын, ал 2029 жылы 0,4 пайызын құрамақ.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы республикалық бюджетке жоспарланғаннан 730 млрд теңге аз салық түскенін хабарлаған болатын.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→