Түнде Ресей әскері Киев пен Киев облысына зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар арқылы жаппай шабуыл жасады. Салдарынан кемінде 16 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
Киевте 21 тамыз, жұма күні аза тұту күні болып жарияланды. Украина астанасының әкімі Виталий Кличконың айтуынша, шабуыл Святошин, Соломен және Дарниц аудандарында тіркелген.
Соломен ауданында тоғыз қабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабаттары қирап, өрт шыққан. Таңертеңге қарай өрт сөндірілді. Сондай-ақ мектеп пен балалар емханасының ғимараттары зақымданған.
Төтенше жағдай қызметі екі тұрғын үй мен мектептің паналау орнында адамдар қамалып қалғанын хабарлады. Таңертеңге дейін үйінді астынан екі адам шығарылды. Кличконың мәліметінше, Соломен ауданында кемінде жеті адам қаза тапқан.
Кеше кешкісін Голосеев ауданында да дрон соққы жасап, бизнес-орталыққа зақым келді. Бұл жерде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Святошин ауданында қойма алаңдары өртеніп, өндірістік емес аумақтағы ғимараттар қирады. Дарниц ауданында да өндірістік емес және қойма нысандары бүлінді.
Түнде Киевтің бір бөлігі жарықсыз қалды. Энергетикалық компания ДТЭК таңертеңге қарай 50 мың үйге электр қуаты қайта қосылғанын, тағы 40 мың үй жарықсыз қалғанын хабарлады.
Киев облысында Бровар ауданында бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Борисполь ауданында алты адам зардап шегіп, олардың төртеуі ауруханаға жеткізілді. Тимур Ткаченконың айтуынша, бұл ауданда 14 жеке үй, төрт қойма ғимараты, жанармай құю бекеті, көпқабатты үй және сегіз көлік зақымданған.
Украина президенті Владимир Зеленский түнгі шабуылға қатысты пікір білдіріп, Ресей баллистикалық қаруға және қақтығысты ушықтыруға қаржы салып жатқанын, ал Украинада зымыранға қарсы қорғаныс құралдары жеткіліксіз болғанша, Мәскеу бейбітшілік туралы шындап ойланбайтынын айтты.