19 жыл із-түзсіз кеткен: альпинистің сүйегі мұздықтан табылды
Северцев мұздығынан табылған адам сүйегінің 2007 жылы тауда жоғалып кеткен альпинистке тиесілі екені анықталды. Марқұмды қызы Нелля Михеева жанында жатқан рюкзагынан таныған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Әйелге таңертең досы таудан адам сүйегі табылғаны туралы жарияланымды жіберген. Фотодағы рюкзакты көрген Нелля оның әкесіне тиесілі екенін бірден таныған. Кейін отбасы тергеушіге әкесінің құжаттары мен таудағы жабдықтарымен түскен фотосуреттерін ұсынған.
Кейін рюкзактың ішінен альпинистің аты-жөні жазылған куәлік табылған. Осылайша 19 жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен ер адамның кім екені анықталды.

Адам сүйегін бұған дейін мұздықта екі апта бойы Қазақстанда саяхаттаған Беларусь туристері байқап, құтқарушыларға хабарлаған. Оқиға орнына МЧС мамандары жіберіліп, сүйектерді таудан түсіру үшін «Қазавиаспас» тікұшағы тартылған.
Еске салайық, осы оқиғаға қатысты бұған дейін жарияланған материалымызда Алматы тауларындағы Северцев мұздығынан адам сүйегінің табылғаны туралы жазған болатынбыз. Енді марқұмның кім екені анықталды.Отбасы марқұмның денесін жер қойнына тапсыруды жоспарлап отыр.