Қазақстан мектептерінде оқушылардың сабақ кезінде телефон пайдалануына қатысты бірыңғай талап енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік ұялы байланыс құрылғыларын қолдану тәртібіне қатысты ортақ ережелерді әзірлеген.
Жаңа талап бойынша, сабақ уақытында смартфон қолдануға рұқсат жоқ. Алайда мұғалімнің тапсырмасын орындау үшін телефон қажет болған жағдайда, оны оқу мақсатында пайдалануға болады.
Ал телефондарды сабақ басталғанға дейін қайда сақтау керектігін әр мектеп өз тәртібімен шешеді. Мысалы, оқушылар құрылғыларын арнайы жәшіктерге қалдыруы немесе сабақ басталар алдында мұғалімге тапсыруы мүмкін. Бұл талаптар білім беру ұйымдарының ішкі ережелерінде бекітіледі.
Үзіліс кезіндегі телефон қолдануға қатысты да әзірге бірыңғай тыйым енгізілмейді. Бұл мәселені мектептердің өздері шешеді. Яғни кей оқу орындары үзіліс кезінде смартфон пайдалануға рұқсат берсе, енді бірі ішкі тәртіп арқылы шектеу қоюы мүмкін.
Осы уақытқа дейін телефон қолдану тәртібі әр мектепте әртүрлі болуы мүмкін еді. Енді сабақ үстінде смартфон пайдалануға қойылатын негізгі талап барлық мектепке ортақ болады.