Қазақстанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы ақпарат ұсынған азаматтарды ынталандырудың жаңа тәртібі бекітілді. Тиісті бұйрыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қол қойған.
Жаңа тәртіп бойынша сыйақы мөлшері анықталған параның немесе мемлекетке келтірілген залалдың көлеміне байланысты белгіленеді. Кейбір жағдайларда төлем көлемі 17,3 млн теңгеден де жоғары болуы мүмкін.
Азамат ұсынған ақпарат алдымен белгіленген тәртіппен тексеріледі. Материалдар қаралып, тиісті шешім қабылданғаннан кейін сыйақы тағайындалады. Төлем оң шешім шыққан жағдайда өтініш берушінің банк шотына бір ай ішінде аударылады.
Сонымен қатар қызметтік міндеттеріне сәйкес сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге ақшалай сыйақы қарастырылмайды. Мұндай жағдайда олар алғыс хатпен немесе грамотамен марапатталуы мүмкін.
Жаңартылған ережелер 22 тамыздан бастап күшіне енеді.