weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Дауға қалған ақсақалдың қызы Тоқаевқа жүгінді

Тойда айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырған ақсақалдың қызы алғаш рет көпшілік алдына шығып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жасады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Дауға қалған ақсақалдың қызы Тоқаевқа жүгінді
Фото: видеодан скриншот

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде тойда сөйлеген қарияның видеосы кеңінен тараған еді. Онда ол музыканы «харам» деп атап, әншілерге қатысты сын айтып, ерлер мен әйелдердің бөлек отыруы керектігін жеткізген. Сондай-ақ әйелдерге қатысты айтқан кейбір сөздері қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшілік тарапынан сынға ұшырады.

Осы оқиғадан кейін ақсақалдың қызы арнайы Instagram парақшасын ашып, бірнеше бөлімнен тұратын үндеу жариялады. Ол әкесінің ешқашан радикалды көзқарасты ұстанбағанын, экстремизмді насихаттамағанын және мемлекетке қарсы әрекеттерге шақырмағанын мәлімдеді.

Қызының айтуынша, әкесі тойдан бірнеше күн бұрын исламдағы музыка мәселесіне қатысты бейнеролик көріп, сол әсермен туыстарының ортасында өз пікірін білдірген. Оның сөзінше, бұл тақырыптың тойда қозғалуына өзі де қарсы болған.

Сондай-ақ ол резонансқа себеп болған видеоны әнші Роза Әлқожа жеке отбасылық шарадан қатысушылардың келісімінсіз әлеуметтік желіге жариялағанын айтып, әкесінің атынан әншіден кешірім сұрады. Қызының сөзінше, әкесінің Роза Әлқожаны немесе өзге біреуді ренжіту ниеті болмаған.

Үндеуде қоғамда қызу талқыға түскен «ұрғашылар» сөзіне де тоқталған. Оның айтуынша, әкесі бұл сөзді бұрынғы мағынасында қолданған және оның қазіргі қоғамда басқаша қабылданатынын түсінбеген. Ол сөздің шығу тарихына қатысты лингвистикалық түсіндірмені де келтірген.

Сонымен қатар қызы әкесінің мінез-құлқы туралы айтып, оның өмір бойы әйелдерді құрметтегенін, отбасына қамқор болғанын және ешқашан анасына қол көтермегенін жазды. Оның пікірінше, бірнеше секундтық видео арқылы әкесіне толық баға беру әділетсіз.

Үндеу соңында ол соңғы жылдары әкесінің ауыр сынақтарды бастан өткергенін жеткізді. Айтуынша, екі ұлы сотталған, екі туған бауырынан айырылған, өзі ауыр жол апатына түсіп, күрделі нейрохирургиялық ота жасаған. Кейін жүрек дертімен реанимацияға да түскен.

Президентке жолдаған өтінішінде ол істің жан-жақты әрі әділ қаралуын сұрап, құзырлы органдардан қысқа видеомен ғана емес, әкесінің өмір жолы мен беделін, барлық мән-жайды ескере отырып құқықтық баға беруді өтінді. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде әкесіне қатысты қорлайтын пікірлер мен айыптаулардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→