21 шілдеде Астана тұрғындарын құбылмалы ауа райы күтіп тұр. Таңертеңнен бастап аспанды бұлт торлап, күннің әр кезеңінде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Күндіз кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғады.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес, жел оңтүстік-батыстан соғып, күндіз солтүстік-шығыс бағытқа ауысады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ұсынады. Найзағай кезінде ашық алаңдарда ұзақ тұрмауға, ағаштар мен электр желілерінің маңынан аулақ жүруге кеңес беріледі. Сондай-ақ көлік жүргізушілері жолда абай болып, ауа райының күрт өзгеруін ескергені жөн.
Сонымен қатар елорда аумағында жоғары өрт қаупі сақталуда. Мамандар тұрғындарды табиғат аясында от жақпауға, темекі тұқылын бейберекет тастамауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.