Ақтау қаласында 4А шағынауданындағы Caspian Riviera қонақүйінен 5-шағынаудандағы Тарас Шевченко ескерткішіне дейінгі жағалау бөлігінде, «Шора» су арнасы маңындағы жағалау аймағында, сондай-ақ «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» (МАЭК) ЖШС-нің су арнасы маңында суға түсуге тыйым салынған.
Түпқараған ауданында Ақтау – Форт-Шевченко автожолының 43-шақырымындағы жағалауда, трассаның 64-шақырымындағы «Көгілдір шығанақ», 86-шақырымдағы «Саура» жағалауы және Форт-Шевченко қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы «Тамшалы» жағалау аймағында суға түсуге болмайды.
Қарақия ауданында Жыланды елді мекенінен Кендірлі демалыс аймағына дейінгі жағалау бөлігінде, сондай-ақ Тоқмақ ауылынан Кендірлі бағытына қарай орналасқан жағалау аумағында шомылуға тыйым салынған.
Сонымен қатар, Мұнайлы ауданында Батыр ауылдық округінен солтүстік-шығысқа қарай шамамен жеті шақырым жерде орналасқан кен орындары мен зиянды өндірістік қалдықтары бар қауіпті көл аумағына жақындауға тыйым салынады.
Құтқарушылар тұрғындарды белгіленген шектеулерді сақтауға және тек ресми түрде рұқсат етілген, арнайы жабдықталған жағажайларда ғана демалуға шақырады. Мамандардың айтуынша, жабдықталмаған жерлерде суға түсу адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.