Оқиға Целиноград ауданына қарасты Жаңажол ауылында болған. Ер адам үйінен алты шақырым қашықтықта орналасқан шаруа қожалығына бет алған. Алайда жолдың болмауына байланысты қалың қарды кешіп өтуіне тура келген. Біраз уақыт хабарсыз кеткен соң, туыстары дабыл қаққан.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, іздестіру жұмыстары бір жарым сағатқа созылған. Ақыры ер адамның шаруа қожалығына жеткені анықталды.
«Құтқарушылар медицина қызметкерлерімен бірге оны төменгі аяқ-қолдарын үсік шалу белгілерімен тапты. ТЖМ қызметкерлері зардап шегушіні жол талғамайтын көлікпен жақын маңдағы елді мекенге жеткізіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды», — деді департаменттің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Дәрігерлердің айтуынша, ер адамның жағдайы тұрақты. Қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілген.
Бұған дейін Қазгидромет бірқатар өңірде дауылды ескерту жариялаған еді. 26–27 ақпан күндері синоптиктер ауа температурасының күрт төмендейтінін болжаған.