Астана қаласының соты саясаткер Ермек Нарымбайға қатысты екі ай мерзімге қамау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұл туралы журналист Лұқпан Ахмедияров хабарлады.
Оның айтуынша, сот отырысы түнгі сағат 1:23-те өткен. Нарымбайға соттың әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға қойған тыйымын бұзды деген айып тағылған. Құқық қорғау органдары оның бұл талапты орындамағанына сенімді.
Бұған дейін белсенді Қырғызстан аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға депортацияланған. Ахмедияровтың мәліметінше, депортация сот шешімінсіз жүзеге асқан. Қазір Нарымбай Астана қалалық полиция департаментінде қамауда отыр.
Бұлтартпау шарасы Қазақстан полициясы қозғаған қылмыстық іс аясында таңдалған.
Еске салсақ, Ермек Нарымбай 2016 жылдың шілдесінде Қазақстаннан кетіп, бірнеше жыл Украинада тұрған. Сол жылы сот оны интернеттегі жарияланымдары арқылы араздық қоздырды деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған.
2021 жылы ол Қазақстанда терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізілді. 2022 жылы Алматы әуежайында ұсталған кезде, тергеу изоляторында азаптауға ұшырағанын айтып, аштық жариялаған.