Orda.kz жазуынша, қайғылы оқиғаға дейін мектептен тыс жерде болған жасөспірімдер арасындағы төбелес оқу орнында үлкен дауға айналған. Марқұмның анасы Мақпал Әміртаеваның айтуынша, төбелестен кейін мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші баласына бірнеше күн бойы психологиялық қысым көрсеткен.
Ата-ананың сөзінше, баланы қорқытып, полициямен, колониямен үркіткен. Осыдан кейін Нұрисламның мінез-құлқы өзгеріп, екі күннен соң ол өз-өзіне қол жұмсаған.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалған. Алайда марқұмның туыстары тергеу толық әрі әділ жүргізілмей жатыр деп есептейді. Қазіргі таңда аталған мектеп қызметкерлері өз қызметтерін жалғастырып отыр.
Мектеп директоры мен психолог қысым көрсетілгенін жоққа шығарып, барлық түйінді мәселе тергеу нәтижесінде белгілі болатынын айтты. Ал полиция бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.