Қосымшаға кірген пайдаланушы камераға қосылып, көл жағасында тұрған нағыз қармақты қашықтан басқарады. Экраннан су беті, қалқыма және балықтың қашан тістегені анық көрінеді.
Қазір жоба бір ғана локацияда — Алматы маңындағы көлде жұмыс істеп тұр. Сол жерде камералармен жабдықталған «ақылды» қармақ орнатылған. Алдағы уақытта команда мұндай нүктелерді Мексика, Италия және Норвегияда іске қосуды жоспарлап отыр.
GoFish авторлары идея күнделікті күйбеңнен аздап демалу ниетінен туғанын айтады. Олардың пікірінше, әлеуметтік желіні шексіз ақтарғанша, қосымшаны ашып, кеңседен немесе үйден-ақ балық аулауға болады.
Жабдық бірнеше ай бойы нақты жағдайда, тіпті су мұз қатқан кезде де сыналған. Жақын арада стартап Kickstarter платформасына шығып, жобаны дамыту мен халықаралық нарыққа шығуға қаржы жинамақ.
Алайда қазақстандық интернет қолданушыларының бір бөлігі бұл бастаманы түсінбей отыр: олардың ойынша, балық аулаудың бар қызығы — табиғат аясында, ұстап сезінуде.