Жаңалықтар

Қазақстан әскерінде тағы бір қаза: сарбаз қарауылда жүріп көз жұмды

Өскемен маңындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз қарауыл кезінде қаза тапты. Қайғылы оқиға 23 қаңтарда болған.

Құрлық әскерлері қолбасшылығының мәліметінше, әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өзін-өзі атып алған. Алдын ала нұсқа бойынша, оқиға жазатайым жағдай ретінде қарастырылып отыр. Сарбаз былтыр сәуір айында әскер қатарына шақырылған.

Қаза фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Істің барысы әскери прокуратураның бақылауында.

Оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков бастаған комиссия жіберілді.

Ведомство марқұмның отбасына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 6 қаңтарда Шымкент ауруханасында Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің сарбазы қайтыс болған еді. Алдын ала дерек бойынша, өлім себебі – жүрек тоқтауы. Диагнозы – жедел лейкоз. Бұл жағдайда да онкологиялық ауруы бар азаматтың әскерге қалай алынғаны ашық күйінде қалып отыр.