Форум 23 қаңтарға дейін жалғасады. Оған 130 елден шамамен үш мыңға жуық қатысушы, соның ішінде 65 мемлекет пен үкімет басшысы, министрлер, ірі банктердің жетекшілері және жаһандық бизнес өкілдері келген.
Давоста Украинадағы соғыс, жаһандық қауіпсіздік дағдарысы, трансатлантикалық қатынастар, экономикалық тұрақтылық, технологиялық трансформация және жасанды интеллекттің дамуы басты тақырыптарға айналды. Сауда қақтығыстары мен протекционизмнің күшеюіне де ерекше назар аударылуда.
Еуропа үшін ең сезімтал мәселелердің бірі – Гренландия төңірегіндегі жағдай және АҚШ президенті Дональд Трамптың еуропалық елдерге қатысты жаңа баж салығын енгізу жөніндегі қатаң ұстанымы.
Форум қатысушыларының қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Хэ Лифэн, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Палестина премьер-министрі Мұхаммед Мустафа, Сирия президенті Ахмед аш-Шараа, Испания премьері Педро Санчес, Аргентина президенті Хавьер Милей және өзге де әлемдік көшбасшылар бар.
Дональд Трамп Давосқа жеке өзі келеді деп күтілуде. Сарапшылар оның сапарын саяси және экономикалық ықпалын көрсететін қадам ретінде бағалап отыр. АҚШ президенті жаһандық басқаруда Американың рөлін айқындайтын жаңа көзқарасын ұсынуы мүмкін.
Bloomberg мәліметінше, 22 қаңтарда Трамп халықаралық қақтығыстарды реттеумен айналысатын әрі БҰҰ-ға балама ретінде ұсынылып отырған «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл бастамаға Қазақстанды қоса алғанда 60-қа жуық ел шақырылған. Алайда жоба форум қатысушыларының бір бөлігі тарапынан сынға ұшыраған.
Бүгін форумда Франция президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйлеп, АҚШ-тың сауда саясатын қатаң сынға алды. Ол Еуропа «вассалға» айналу қаупіне тап болуы мүмкін екенін айтып, әлем «ережесіз күйге» бет алып бара жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024 жылы әлемде 60-тан астам соғыс тіркелген.
Давос форумы өз жұмысын сенімсіздік, бәсекелестік және бұрынғы ойын ережелерін қайта қарау жағдайында бастады. Алдағы күндері тағы да бірқатар резонансты мәлімдемелер жасалуы мүмкін.