Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» басшылығына жасанды интеллект тағайындау заңсыз — ҚНРДА

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS) «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесіне жасанды интеллектіні мүше етуге қатысты қауіптерін растады. Бұл туралы QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, агенттік ресми жауабында директорлар кеңесінің мүшесі тек жеке тұлға бола алатынын нақты көрсеткен.

«ҚНРДА “Акционерлік қоғамдар туралы” заңның 54-бабы 1-тармағына сәйкес, директорлар кеңесінің мүшесі тек жеке тұлға болуы тиіс екенін растады. Бұл норма барлық акционерлік қоғамдарға қатысты және “Самұрық-Қазына” үшін ешқандай ерекшелік жоқ», – деді Темірбаев.

Агенттік сондай-ақ заңға тәуелді актілердің заң талаптарын өзгерте алмайтынын атап өткен. Үкімет қаулысымен бекітілген «Самұрық-Қазынаның» корпоративтік басқару кодексінде директорлар кеңесіне ЖИ енгізуге рұқсат беретін нормалар жоқ.

ҚНРДА тәуелсіз директор мәртебесі кәсіби пайымдау, жеке және фидуциарлық жауапкершілік, тәуелсіздік пен мүдделер қақтығысының болмауын талап ететінін еске салды. Бұл сипаттамалар табиғаты жағынан тек жеке тұлғаға ғана тән.

QAMS мәліметінше, құқықтық белгісіздік инвесторлардың сеніміне нұқсан келтіріп, корпоративтік басқару сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Қауымдастық бұл шешім «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі қабылдаған шешімдерге дау айту қаупін тудыратынын атап өтті.

Еске салсақ, 2 қазанда «Самұрық-Қазына» қоры президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) нейрожелісін директорлар кеңесінің «цифрлық тәуелсіз мүшесі» ретінде таныстырған еді.