Атырауда жоғалған отбасы ісі: күдікті халықаралық іздеуге жарияланды
Атырау облысында жоғалып, кейін қаза тапқаны анықталған отбасы ісі бойынша марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев халықаралық іздеуге жарияланды. Ол қазір күдікті мәртебесінде.
Сонымен қатар, қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іздеу жұмыстары Қазақстан аумағынан тыс жерде де жүргізіліп жатыр. Алайда оған ресми түрде күдікті мәртебесі берілген жоқ.
Еске салайық, 6 қаңтарда отбасының ата-анасы — Мақсот Қарабалин мен Насип Үтешқалиеваның мәйіттері үй ауласындағы сарайдан табылған. Денелер шамамен 1,5 метр тереңдікке көмілген күйде болған.
Отбасының тағы екі мүшесінің тағдыры әлі белгісіз. Оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.