Amazon Prime платформасында жарық көрген «Жерасты темір жолы» сериалы XIX ғасырда АҚШ-тың оңтүстігінен солтүстігіне қарай қара нәсілді құлдарды жасырын түрде жеткізген астыртын жүйенің тарихын баяндайды. Осы «жерасты жолының» ірі демеушілерінің бірі — Мэри Эллен Плезант атты әйел болған. Ол — өз дәуірінің қасаң қағидаларына қарсы тұрып, бизнесте орасан жетістікке жеткен әрі азаматтық құқықтар үшін күрескен тұлға. Forbes Woman оның өмір жолындағы әлі күнге дейін құпия болып келген деректерді тарқатады.
Қызметші қыз
Мэри Эллен Плезант 1814 жылы дүниеге келген. Алайда нақты қай жерде туғаны, ата-анасының кім болғаны туралы деректер әртүрлі. Кейінірек өзі анам Луизианадан шыққан қара нәсілді әйел, әкем гавайлық, ал мен Филадельфияда тудым деп мәлімдеген. Ол кезде бұл қалада құлдық жойыла бастаған еді. Басқа деректерде Мэри Джорджия немесе Луизиана штатындағы плантацияда, құл отбасында туғаны айтылады. Бұл қайшылықтардың себебі оның өмір жолында кейінірек айқындала түседі.
Қалай болғанда да, 6–11 жас аралығында (бұл жаста да нақтылық жоқ) Мэри Массачусетс штатындағы Нантакет қаласына жіберіліп, квакерлер әрі құлдықты жоюды қолдаған Хасси-Гарднер отбасында қызметші болады. Отбасы басшысы Эдвард Гарднер кит аулау кәсібімен айналысқан. Мэри Эллен отбасының ұлы Томастан оқып-жазуды үйренеді, ал отбасының анасы Фибимен өмірінің соңына дейін хат жазысып тұрған.
«Егер білім алсам, кім болар едім деп жиі ойлаймын, — деп жазады Мэри өзінің өмірбаянында. — Бірақ мен кітаптарды емес, адамдарды зерттедім. Бұл әлдеқайда пайдалы екенін түсіндім. Айтар ойың болса, адамдар сені міндетті түрде тыңдайды».
«Жерасты темір жолы»
Нантакеттен кейін Мэри Бостонда тігіншінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Сол жерде алғашқы күйеуі Джон Смитпен танысады. Оның ақ нәсілді немесе аралас текті болғаны жөнінде де деректер әртүрлі. Бірақ анық нәрсе — ол да құлдыққа қарсы күрескен аболиционист болған. Ерлі-зайыптылар АҚШ-тың оңтүстігінен қашқан құлдарға солтүстік штаттар мен Канадаға жетуге көмектескен «жерасты темір жолы» жүйесіне белсене қатысады. Бұл шын мәнінде темір жол емес, құпия бағыттар мен жасырын паналау орындарының желісі еді.
Некелері ұзаққа созылмайды: төрт жылдан кейін Джон Смит қайтыс болып, Мэриге қомақты мұра қалдырады. Біраз уақыттан соң ол Нантакетке оралып, 1848 жылы бұрынғы құл Джон Джеймс Плезантқа тұрмысқа шығады. Күйеуі теңізде аспаз болып жұмыс істегендіктен, үйде сирек болатын. Бұл жағдай Мэриді толық қанағаттандырғаны айтылады.
1849 (кей деректе 1852) жылы олар Сан-Францискоға қоныс аударады. Ал қызы Лиззиді (оның қай күйеуінен туғаны белгісіз) уақытша Шығыс жағалауда қалдырады.
Бизнесвумен
Бұл кезеңде Калифорнияда «алтын безгегі» өршіп тұрған еді. Азат етілген немесе қашып келген бұрынғы құлдар мен бір күнде байыған мыңдаған ер адам қызмет көрсету саласына мұқтаж болды. Осындай жағдайда бұрынғы қызметші Мэри Эллен ерекше іскерлік танытады.
Аңызға сенсек, Сан-Франциско портына келгенде оның қолында 15 мың доллар алтын (қазіргі есеппен шамамен 500 мың доллар) болған. Алдымен ол алтынды ең тиімді кезде күміске айырбастап, банкте сақтайды. Кейін кір жуатын орындар, пансионаттар, мейрамханалар секілді нысандарға инвестиция салады. Тіпті Bank of Californiaбанкінің негізін қалаушылардың бірі атанады.
Соған қарамастан, Плезант ұзақ жылдар бойы өзін «Мэри Эллен Смит» деп таныстырып, бай үйлерде қызметші болып жұмысын жалғастырады. Бұл бір жағынан қоғамнан байлығын жасырудың амалы болса, екінші жағынан ірі қаржылық шешімдерге қажет құнды ақпарат алудың көзі болған.
Кейінірек оның жетістіктерін түсіндіре алмаған кейбір замандастары Плезантты вуду культімен байланыстырды. Тіпті Жаңа Орлеанда әйгілі вуду абызы Мария Лаводан сабақ алған деген әңгімелер тарады. Алайда көпшілікке бір әйелдің, әрі қара нәсілді әйелдің тек ақылымен байып кетуі сену қиын еді.
1890 жылғы халық санағында Мэри Эллен Плезант өз кәсібін «кәсіби капиталист» деп көрсеткен. Бұл атауға оның толық хақысы бар еді.
Құқық қорғаушы
Ғасыр соңына қарай Плезанттың Сан-Францискодағы үйі бейресми түрде «қара нәсілділер мэриясы» атала бастайды. Ол Калифорнияға келген бұрынғы құлдарға баспана, жұмыс тауып беріп, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесті.
Сонымен қатар Мэри дискриминациялық заңдарға қарсы күресті. Ол қара нәсілділердің сотта куәлік беру құқығын шектейтін нормалардың жойылуына демеушілік етті. Қалалық көлікте кемсітушілікке ұшырағаны үшін тасымалдаушы компанияларды сотқа беріп, жеңіске жетті. Осыдан кейін Сан-Францискода қоғамдық көліктегі сегрегация заңсыз деп танылды. Сол себепті оны Калифорниядағы азаматтық құқықтардың анасы деп атады.
Ең батыл қадамдарының бірі — құлдыққа қарсы қарулы күресті жақтаған Джон Браунды қаржылай қолдауы. Кейін белгілі болғандай, Плезант бұл іске бүгінгі бағамен шамамен 1 млн доллар жұмсаған.
Қайырымдылық және мұра
Азаматтық соғыстан кейін Мэри Эллен Плезант қайырымдылықпен ашық айналыса бастады. Жалғызбасты аналарға көмектесті, мектептер салуға қаржы бөлді, ал өзі негізін қалаған ранчо бүгінде қорғалатын табиғи аймаққа айналған.
Мэри Эллен Плезант 1904 жылы дүниеден өтті. Құлпытасында:
«Ол Джон Браунның досы болды» деп жазылды.
Сан-Францискода оның есімімен көше аталған, ал өзі отырғызған эвкалипт ағаштары тұрған шағын саябақ Мэри Эллен Плезант мемориалдық паркі ретінде сақталған.