weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Атырауда «дәрігерге барамыз» деп шыққан отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Төрт адам, нақты бағыт жоқ, байланыс мүлде үзілген. Атырау облысында полиция 2025 жылдың күзіне қарай хабар-ошарсыз кеткен Жангелдин ауылындағы бір отбасын іздестіріп жатыр. Содан бері олардың тағдыры туралы ешқандай расталған ақпарат жоқ, деп хабарлайды newsroom.kz.

Атырауда «дәрігерге барамыз» деп шыққан отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Фото: Атырау облысы ПД

Қазан айынан бері мына адамдардың қайда екені белгісіз:

  • Карабалин Максот Мұқанғалиұлы, 1959 жылы туған;
  • Өтешқалиева Насипа Бахитқызы, 1961 жылы туған;
  • Карабалина Мирамгүл Максотқызы, 1990 жылы туған;
  • Мұқанғалиев Наурыз Максотұлы, 1993 жылы туған.

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, олардың барлығы Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұрған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алдымен ұлдары — Наурыз жоғалып кеткен. Ол туыстарына Ақтау бағытына жұмысқа бара жатқанын айтқанымен, нақты қайда және кімге баратынын түсіндірмеген. Осыдан кейін онымен байланыс толық үзілген.

Қазан айында, көршілерінің сөзіне сенсек, бүкіл отбасы ауылдан бірге шығып кеткен. Ауылдастарына «дәрігерге барамыз» деп айтқан, алайда қай қалаға, қай медициналық мекемеге баратынын нақтыламаған. Туыстарының қолында емделуге қатысты ешқандай құжат та, жол бағыты да, барған жерін растайтын дерек те жоқ.

Алаңдаушылық тудыратын тағы бір жайт — отбасының қызы Мирамгүлдің үшінші топтағы мүгедектігі бар.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арыз түсірген. Ол ағасы мен оның отбасының бір айдан астам уақыттан бері хабарсыз кеткенін айтқан. Белгілі болғандай, Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылының тұрғындары қараша айында белгісіз бағытқа шығып, әлі күнге дейін оралмаған.

Отбасы ауылдан кеткеннен кейін де күмәнді жайттар орын алған. Таныстарының айтуынша, Наурыздың атынан үйдегі барлық мал сатылған, ал түскен қаражат әкесі — Максот Карабалиннің жеке шотына аударылған.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар отбасы мүшелерінің ешқайсысы қалааралық көлікке билет алмағанын және такси қызметін пайдаланбағанын айтады. Бұл олардың қозғалыс бағыты ресми түрде тіркелмегенін көрсетеді. Осыған байланысты отбасын жеке көлікпен алып кеткен болуы мүмкін деген болжам жиі айтыла бастады.

Полиция қызметкерлері олардың жүрген жерін анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын, басқа өңірлердегі әріптестеріне де бағдар берілгенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыпты мен олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы елдің оңтүстік өңірлеріне бет алған болуы мүмкін.

Қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан құқық қорғау органдарына 98-20-78, 98-20-88 немесе +7 701 304 0012нөмірлері арқылы хабарласу сұралады.

Әлеуметтік желілерде Қызылқоға ауданының тұрғындары алаңдаушылық білдіріп, бүтін бір отбасының ешбір із-түзсіз, куәгерсіз және құжатсыз қалайша жоғалып кеткеніне таңданыс танытуда.

Отбасының соңғы белгілі мекенжайы — Атырау облысы, Жангелдин ауылы, Айжарқын Елешов көшесі, 13/1-үй.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→