Навид Акрам бұған дейін Сиднейдегі экстремистік топтармен ықтимал байланысы үшін құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Шабуыл кезінде ол ауыр жарақат алып, қазір жағдайы өте ауыр. Ал әкесі оқиға орнында көз жұмған.
Алты минуттың ішінде шабуылдаушылар жүзден астам рет оқ атқан. Салдарынан 16 адам қаза тапты.
Қанды қырғынды 43 жастағы Ахмед әл-Ахмед тоқтата алды. Жеміс-жидек дүкенінің иесі, екі баланың әкесі қаруы болмаса да, шабуылдаушылардың біріне қарсы ұмтылып, қолындағы тапаншасын тартып алған. Осылайша жаңа құрбандардың алдын алды. Ер адам екі рет оққа ұшып, қазір ауруханада жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін белгісіз адамдар Сиднейдегі мұсылман зиратына шошқаның бастарын тастап кеткен. Ислам қауымдастығының өкілдері лаңкестерді жерлеуден бас тартып, оларды өз сенімінің өкілі деп есептемейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін жағажайда атыс болып, ондаған адам қаза тапқынын жазғанбыз.