Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізу туралы бастамаға тыйым салынды
Қырғызстан Конституциялық соты 10 желтоқсанда балаларды зорлау, сондай-ақ зорлаумен бірге жасалған кісі өлтіру үшін өлім жазасын қайта қолдануды көздейтін Конституцияға түзету жобасын қарады. Бұл бастаманы ел президенті ұсынған еді.
Соттың түсіндіруінше, кез келген конституциялық өзгеріс негізгі заңның тұтастығымен, демократиялық құрылымымен және адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелермен үйлесуі тиіс. Ал Қырғызстан Конституциясы адамның өмір сүру құқығын және негізгі құқықтарды ең жоғарғы құндылық ретінде бекітеді.
«Өлім жазасына тыйым салу – тек құқықтық норма емес, адам өмірінің басымдығын танытатын құндылық. Негізгі құқықтар саласындағы кез келген шегініс (non-regress) конституциялық құрылымға қауіп төндіреді», — деп атап өтті сот.
Конституциялық палата халықаралық құқық талаптарын да еске салды. Вена конвенциясына сәйкес, мемлекет ратификацияланған халықаралық келісімдерден бас тартуды немесе олардың талаптарын орындамауды ішкі заңнамамен ақтай алмайды.
Барлық дәлелдерді саралай келе, Конституциялық сот өлім жазасын Конституцияға түзету арқылы қайтару негізгі заңға қайшы және құқықтық тұрғыда мүмкін емес деген қорытынды жасады. Осы себепті ұсынылған заң жобасын референдумға шығару да, оны ілгерілету процедуралары да тоқтатылуға тиіс.
Еске салсақ, өлім жазасын ерекше ауыр қылмыстар үшін қайта енгізу туралы бастаманы бұған дейін президент Садыр Жапаров көтерген болатын. Бұған 27 қыркүйекте 17 жастағы Айсулуу Мукашеваның зорлықпен өлтірілуі себеп болған еді. Бұл оқиға Қырғызстанда кең қоғамдық резонанс тудырды.