Оклендтегі зергерлік дүкенде ерекше ұрлық оқиғасы тіркелді. Ер адам қымбат тастармен безендірілген Фаберже жұмыртқа-медальонын қолына алған бойда жұтып қойған дейді полиция.
Оклендтың орталығындағы Partridge Jewellers зергерлік дүкені жұма күні күндіз полицияға шұғыл қоңырау шалған. Қызметкерлердің айтуынша, дүкенге кірген 32 жастағы ер адам алтын Фаберже медальон-жұмыртқасын көріп, кенеттен оны аузына салып жұтып жіберген. Полицейлер бірнеше минут ішінде келіп, күдіктіні сол жерде ұстаған.
Ер адам медициналық тексеруден өтті және қазір қамауда отыр. Полицияның мәліметінше, жұтылған әшекей әзірге табылмаған.
Қандай әшекей жоғалды?
Ұрланған бұйым — құны 19 300 АҚШ долларына бағаланған, 18 караттық сары алтыннан жасалған, жасыл эмальмен қапталған, 60 ақ бриллиант және 15 көк сапфирмен көмкерілген Фаберже медальоны.
Медальонның ішінде — екі қара бриллиантты көзі бар 18 караттық алтыннан жасалған миниатюралық сегізаяқ. Бұл туынды Джеймс Бондтың “Octopussy” (“Осьминожка”) фильмі желісінен шабыттанған.
Қосымша айыптар да бар
Сот отырысы 8 желтоқсанға белгіленді.
Guardian басылымының жазуынша, ер адамға бұған қоса:
- осы дүкеннен 12 қарашада iPad ұрлады деген айып,
- келесі күні жеке үйден 100 NZD тұратын мысыққа арналған құм мен бүрге қарсы дәрілерді ұрлады деген айып тағылған.
Фаберже туралы
«Фаберже» — Ресей империясында екі ғасыр бұрын құрылған әлемдегі ең әйгілі зергерлік брендтердің бірі. Императорлық әулетке арнайы жасалған асыл тастар мен бағалы металдардан дайындалған жұмыртқаларымен танымал.
Революциядан кейін Фаберже отбасының бір бөлігі Парижге қоныс аударған.
2007 жылдан бері бренд Fabergé Ltd компаниясына тиесілі. 2025 жылы компанияны SMG Capital сатып алған.