Газ беру рәсіміне Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өкілдері, мердігер ұйымдар, инженер-техник мамандар және жергілікті тұрғындар қатысты. Шара барысында газдандыру жұмыстары тек инфрақұрылымды дамыту емес, елді мекеннің жалпы әлеуметтік жағдайын жақсартатын маңызды қадам екені айтылды.
Талғат Рахманберді Кирпичный елді мекенінің ерекшелігіне тоқталып, оның бұрын негізінен өндірістік аймақ ретінде қалыптасқанын, жеке үйлердің пештері жиі түтін шығарып, экологияға теріс әсер еткенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, газдандыру нәтижесінде ауа сапасы айтарлықтай жақсарып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі көтеріледі.
«Кирпичный – пешпен жылытылатын үйлер басым аймақтардың бірі. Қыс мезгілінде жиі түтін жиналып, ауа сапасы нашарлайтын. Газға қосылу арқылы бұл мәселе шешіледі. Астана бүгінде толық газдандырылған қала деп сеніммен айта аламыз. Барлығы 255 үй газға қосылады, бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қазірдің өзінде 15 үй қажетті құжаттарды дайындап қойды», – деді аудан әкімі.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов жобаның техникалық бөлігін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Кирпичныйды газбен қамту үшін ЖЭО-1-ден 18 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры тартылған. Бұл құбыр елді мекенді үзіліссіз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
255 үйді газбен жабдықтау үшін екі шкафтық газ реттеу пункті орнатылған. Олар қажетті қысымды тұрақты ұстап тұруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған.
«Газ құбырының өткізу қабілеті сағатына 5 мың текше метрден асады. Газға қосылу үшін төрт құжат қажет: жеке куәлік, техникалық паспорт, жер актісі және үйдің меншік құжаттары. Өтінішті eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады – бұл тұрғындар үшін өте қолайлы», – деді Қымбатов.
Сонымен қатар, «QazaqGaz Aimaq» филиалының тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық-диспетчерлік қызметі бар екені айтылды. Мамандар тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Жергілікті тұрғындардың бірі, газға алғаш қосылған үйлердің иесі Гүлдана қуанышын жасырмады.
«Бұл күнді ұзақ күттік. Бұрын көмір жағып, күл шығаруға көп уақыт кететін. Енді бәрі әлдеқайда жеңіл болды. Газбен тамақ дайындау да, үйді жылыту да өте ыңғайлы. Балалар да өте қуанышты», – деді ол.
Айта кетейік, Астананы газдандыру жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Жоба бірнеше кезеңге бөлініп жүзеге асырылды. Алдымен жылу электр орталықтары көгілдір отынға көшірілді. Қазіргі таңда ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 толық газбен жұмыс істеп, қаланың зиянды шығарындылары айтарлықтай азайды.
2025 жылдың басында «Family Village» тұрғын алабы газға қосылды, ал Республика күні қарсаңында Тельман тұрғын алабы да газ жүйесіне енгізілді. Сонымен қатар «Оңтүстік-Шығыс», «Тұран» секілді газ қазандықтары да табиғи газбен жұмыс істеп, жылу мен ыстық суды үздіксіз қамтамасыз етіп отыр.
Жалпы, Кирпичный елді мекенінің газдандырылуы – елорданың ірі инфрақұрылымдық жобаларының жалғасы