Қазақстандағы банктер қарыз алушының 30 күннен асқан мерзімі өткен несиесі немесе 1 күннен асқан мерзімі өткен микронесиесі болса, кейінгі үш жылда толық қарыз кешірімі берілсе, сондай-ақ кейінгі 12 айда несие қайта құрылымдалып, бірақ төлем тәртібі жақсармаса, жаңа несие бермейді. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысында айтылған.
Құжатқа сәйкес, несие тарихы үш жылдан аз; кейінгі 12 айда 30 күн ішінде 3 АЕК-тен (11 796 теңге) жоғары мерзімі өткен берешек болса; үш және одан көп қаржы ұйымдарында несиесі болса; қарыз жүктемесі табыстың 45%-ынан асса; несие тарихында теріс ақпарат болса; расталған тұрақты табысы болмаса — мұндай жеке тұлғаларға (жеке кәсіпкерлерден басқа) «жоғары тәуекелді» қарыз алушы мәртебесі беріледі.
Кейінгі 12 айда 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылар үшін қарыз жүктемесі коэффициенті екі есе төмендетіледі — 0,5-тен 0,25-ке дейін. Яғни клиент табысының 25%-ынан артық бөлігін несие төлеуге жұмсай алмайды.
Айта кетсек, 2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша халықтың несиелері бойынша проблемалық берешектің үлесі 4,5% немесе 1 079 млрд теңге болды (01.01.2025 ж. – 3,8% немесе 790 млрд теңге). 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі өткен ай деңгейінде сақталды.