Полицияның хабарлауынша, қайғылы оқиға Ынтымак ауылында болған.
«Ынтымак ауылында 14 жастағы жасөспірім қыз пышақ жарақатынан көз жұмды. Аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы жедел анықталды», – деп мәлімдеді департамент.
Қазіргі уақытта күдіктіні табу және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізілген. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Полиция басшылығы істің жүргізілуін ерекше бақылауға алған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Кейіннен полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Целиноград ауданының Ынтымак ауылының 14 жастағы тұрғынын өлтіру күдігіне ілінген ер адам бір тәуліктің ішінде анықталып, ұсталды. Ол қылмыстан кейін қашуға тырысқан, алайда полиция қызметкерлері оны тез арада тауып, ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр», – деді департамент өкілдері.
Сонымен қатар, полиция кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық-зомбылық қатаң түрде тоқтатылатынын және заң бойынша ең ауыр жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.