weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қауіпсіз қоғам – Түркістан тұрғындарының ортақ жауапкершілігі

Түркістанда отбасы мен қоғам қауіпсіздігіне бағытталған нақты істер жүзеге асып жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу – құқық қорғау органдары мен жергілікті биліктің басты назарында. Қалада азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, қоғамдық сенімді күшейту және «Қауіпсіз қоғам» идеясын орнықтыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.

Қауіпсіз қоғам – Түркістан тұрғындарының ортақ жауапкершілігі

Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес – басты назарда

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – құқық қорғау органдары жұмысының маңызды бөлігі. Түркістан облыстық полиция департаменті мен қалалық әкімдік бұл бағытта бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Облыстық ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаеваның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 5000-ға жуық хабарлама тіркеліп, 3153 қорғау нұсқамасы шығарылған.

Осы орайда «Тұрмыс» және «Есептегі тұрған тұлғалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, «Отбасында зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан!» флешмобы мен «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде аса ауыр қылмыстардың деңгейі 87,5 пайызға азайды.

Қазіргі таңда Түркістанда зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін 50 дағдарыс орталығы мен 17 аудандық отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар жәбірленушілерге психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп, агрессорларды оңалтуға мүмкіндік береді.

Экстремизмнің алдын алу және қоғам қауіпсіздігі

Құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында Түркістан облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы да белсенді жұмыс жүргізуде.

Полицейлер қаладағы діни әдебиеттер мен заттарды сататын орындарға барып, заң талаптарын түсіндірді. Діни өнімдерді тек арнайы рұқсат етілген жерлерде – ғибадат үйлері мен діни білім беру ұйымдарында ғана сатуға болатыны ескертілді.

Сонымен қатар тұрғындармен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде заңсыз ақпарат тарату үшін жауапкершілік бар екені түсіндірілді. Бұл шаралар азаматтардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, қоғамда діни тұрақтылық пен төзімділікті сақтауға бағытталған.

 Жүйелі жұмыс пен қоғамдық сенім

Түркістан қаласы – еліміздің рухани орталығы ғана емес, қоғамдық тұрақтылықтың символына айналып келеді. Мұнда құқық бұзушылықтың алдын алу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділдік қағидатын орнықтыру бағытындағы жұмыстар үнемі бақылауда.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша:

«Балалардың, отбасының және қоғамның қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Бұл тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр сала өз деңгейінде нақты әрі нәтижелі жұмыс атқаруы қажет».

Осы қағиданы басшылыққа алған жергілікті билік пен құқық қорғау құрылымдары қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, халықтың сенімін арттыруда.

Алдағы уақытта Түркістан қаласында «Қауіпсіз қоғам» жобасы шеңберінде қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.