Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Әңгіме барысында алдағы уақытта Мемлекет басшысының Мәскеуге жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық жайы да сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың маңыздылығын атап өтіп, келіссөздердің нәтижелі өтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы үкіметтердің үйлесімді жұмысының арқасында Ресейдің Қазақстанның басты сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып отырғанын айтты. Сондай-ақ Владимир Путинмен қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, жақын уақытта екі ел арасындағы сауда айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отырғанын еске салды.
Президенттің айтуынша, Ресей Қазақстан экономикасына ірі инвестиция құйып отырған жетекші елдердің бірі — 2024 жылы оның көлемі 4 миллиард долларға жеткен. Сонымен қатар елімізде ресейлік ірі компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр, бұл өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді.
Өз кезегінде Денис Мантуров жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, Ресейдің серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты. Ол екі ел арасында бірлескен жобаларды іске асыруға берік негіз қалыптасқанын және олардың табысты дамитынына сенім білдірді.