weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Тоқаев пен Трамп: Президент 17 млрд долларлық келісімге қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп Ақ үйде өткен C5+1 саммитінде кездесіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға уағдаласты. Келісімдер көлемі – 17 млрд доллар.

Тоқаев пен Трамп: Президент 17 млрд долларлық келісімге қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне қатысты.

Президент Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін Трампқа алғыс айтып, саммиттің Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті.

– Сіз жүргізіп отырған парасатты әрі батыл саясат бүкіл әлемнің қолдауына лайық деп санаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» тұжырымдамаңыз біздің «Әділетті, Қуатты Қазақстан» стратегиямызбен үндес, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы бітімгерлік рөліне де тоқталып, қысқа мерзім ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еткенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

– Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік заңнамалық тұрғыда бекіді. Америка – еліміздің ең ірі инвесторы, 100 миллиард доллардан астам қаржы салды. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сапар барысында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойды.

Қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әлеует жарты триллион доллардан асады, ол энергетика, маңызды минералдар, көлік, қаржы, жасанды интеллект және білім беру сияқты салаларды қамтиды.

Мемлекет басшысы америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды пайдалануға шақырып, оларға өзі де қолдау көрсететінін айтты.

Ресми кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп еркін форматта әңгімелесті

Ақ үйдің іргесінде тұрып, жаңадан салынып жатқан салтанат сарайының құрылысын көрді.