weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстандықтардың жартысы айына 300 мың теңгеден аз жалақы алады

2025 жылы еліміздегі медианалық жалақы 317 512 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға, нақты мәнде 0,4 пайызға артқан. Алайда ел тұрғындарының едәуір бөлігі әлі де орта деңгейден төмен табыс табады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қазақстандықтардың жартысы айына 300 мың теңгеден аз жалақы алады
Фото: ашық дереккөз

2025 жылы Қазақстан Республикасында медианалық жалақы 317 512 теңге болып белгіленді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 11,1%, нақты мәнде 0,4% өскен.

2024 жылы ел бойынша орташа жалақы 405 416 теңге болды — бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11,3% артық. Соңғы бес жылда орташа еңбекақы 1,9% өссе, әйелдердің жалақы өсімі ерлерге қарағанда жоғары қарқын көрсеткен.

2020 жылдан бері орташа айлық жалақы 213 мыңнан 405,4 мың теңгеге дейін көтерілді. Ерлердің табысы 243,5 мыңнан 468,9 мың теңгеге дейін өссе, әйелдер жалақысы 182,7 мыңнан 344,5 мың теңгеге жетіп, нақты өсім 32,7%-ды құрады. Бұл еңбек нарығындағы гендерлік теңгерімнің біртіндеп жақсарып келе жатқанын байқатады.

Халықтың 46,3%-ының табысы 300 мың теңгеден аспайды. Атап айтқанда, 3,3% — 100 мың теңгеге дейін, 10,5% — 100–150 мың теңге аралығында, 32,5% — 150–300 мың теңге шамасында еңбекақы алады.

300–500 мың теңге аралығында жалақы алатындар — ең ірі топ (1 млн-нан аса адам). 200–300 мың теңге табатындар – 724 мың адам, ал жоғары жалақы алушылар (700 мыңнан жоғары) ел бойынша азшылықты құрайды.

Медианалық жалақының ең жоғары өсімі қаржы және сақтандыру (31,3%), көлік және қоймалау (24,1%), ауыл және орман шаруашылығында (22,9%) байқалды. Ең төмен өсім — білім беру (5,9%) және қонақүй мен тамақтану саласында (2,7%).

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Астанада тіркелді — 18%, ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында (6,8%).

2025 жылы модальдық (ең жиі төленетін) жалақы 116 059 теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары.

Сағаттық жалақы 2 334 теңгеге жетіп, 2021 жылдан бері 80%-ға артқан. Ерлер орта есеппен сағатына 2 637 теңге, әйелдер 2 046 теңге алады.

Жас ерекшелігіне қарай ең жоғары жалақыны 35–44 жас аралығындағы қызметкерлер алады — 455 070 теңге. 16–24 жас аралығындағы жастардың орташа айлығы — 279 875 теңге.

Білім деңгейіне қарай: орта біліммен — 289 673 теңге, жоғары біліммен — 497 563 теңге, ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлар — 672 493 теңге алады.