weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Бүгін, 09:41 / Жасмина Нурлан / Білім

Жұлдыз Сүлейменова Абай облысындағы ауыл мектептерінің білім сапасын тексерді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жұмыс сапарымен Абай облысына барып, аймақтың шалғай ауылдарындағы білім беру сапасымен танысты. Сапар барысында министр Бесқарағай, Аягөз және Жарма аудандарындағы бірқатар мектептерде болды.

Жұлдыз Сүлейменова Абай облысындағы ауыл мектептерінің білім сапасын тексерді
Фото: instagram/ oqu_agartu_ministrligi

Министр өңір әкімі Берік Уәлимен бірге Аягөз қаласында салынған 600 орындық жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген.

Жаңа нысанның ашылуында сөз сөйлеген Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— ««Келешек мектептері» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманауи, қауіпсіз әрі жайлы мектептер салынып жатыр. Бұл балаларға сапалы білім алуға толық мүмкіндік береді. Абай облысында халықаралық олимпиадаларға қатысқан 18 оқушының 14-і жүлдегер атанды. Бұл – ұлт руханиятының бастауында тұрған өңірдің білім мен парасат дәстүрі сақталғанының айғағы», — деді министр.

Қазірдің өзінде Абай облысында ұлттық жоба аясында төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді, тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, тоғыз мектепке реновация жасалып, оқу процесі заманауи стандарттарға сәйкестендірілді. 2026 жылға дейін тағы 26 мектепті жаңарту жоспарланған.

Өңір басшысы Берік Уәли жаңа мектептің ашылуы Аягөздегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

— «Келешек мектебі – бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, ол ауыл балаларының жарқын болашағына жол ашатын білім ордасы», — деді әкім.

Сапар барысында министр ауыл мектептерінің ұстаздарымен де жүздесіп, білім сапасын арттыру мен балалар үшін қолайлы жағдай жасауға қатысты ұсыныстарды тыңдады.

Мәселен, Бесқарағай ауданындағы Башкөл негізгі мектебінде бүгінде 40 оқушы білім алып, 18 мұғалім қызмет атқарып жатыр. Жалпы, Абай облысындағы 311 мектептің 166-сы шағын жинақты болып саналады.