Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 қазан, 2025 / Арайна Арайқызы / Әлем

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары нарықты алаңдатты

Трамп әкімшілігі Ресейдің энергетикалық секторына ең қатаң санкциялар енгізді. Шектеулер екі ірі ресейлік мұнай компаниясына — Rosneft пен Lukoil-ге қатысты. Мақсат — Мәскеудің басты табыс көздерінің бірін жабу және Кремльді Украина бойынша келіссөз үстеліне отырғызу.

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары нарықты алаңдатты

Дональд Трамп әкімшілігі жариялаған жаңа шаралар аясында АҚШ аумағындағы аталған компаниялардың барлық активтері бұғатталды, америкалық компанияларға олармен іскерлік байланыс орнатуға тыйым салынды. Сондай-ақ Ресейдің мұнай секторымен жұмысын жалғастыратын шетелдік серіктестерге де екінші деңгейлі санкциялар салынуы мүмкін. Бұл шешім Ресейдің соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерден бас тартқаннан кейін қабылданды.

Ақ үйдің мәлімдемесінде: «Дипломатия уақыты аяқталды. Бұл шаралар — Кремльдің соғысты тоқтатудан және әскерін Украинадан шығарудан бас тартқанына жауап», — делінді.

Санкциялар жарияланғаннан кейін әлемдік мұнай бағасы күрт өсті. Ресей мұнайының негізгі сатып алушылары — Қытай мен Үндістан — келісімшарттарын қайта қарауға кірісті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың мемлекеттік мұнай корпорациялары АҚШ-тың екінші деңгейлі санкцияларынан қауіптеніп, Ресей мұнайын теңіз арқылы сатып алуды уақытша тоқтатты. Ал Үндістан керісінше, америкалық шектеулерді ресми түрде бұзбай, жеткізілімдерді сақтап қалу үшін жеке есеп айырысу жүйесін құру мүмкіндігін талқылауда.

Экономистердің пікірінше, «Роснефть» пен «Лукойлға» бағытталған бұл соққы соғыс басталғалы Ресей экономикасы үшін ең ауыр салдардың бірі болмақ. Аталған компаниялар елдің шетел валютасындағы түсімінің шамамен жартысын қамтамасыз етіп отыр. Экспорт көлемінің азаюы бюджет тапшылығына және рубльдің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, сарапшылар Ресейдің бұған дейін де санкцияларды айналып өту тәжірибесі бар екенін еске салады — делдал компаниялар мен үшінші елдердің туы астында жүзетін «көлеңкелі флот» арқылы. Сондықтан бұл шаралардың әсері айтарлықтай болса да, бірден сезілмейді.

Мәскеудің жауабы да ұзақ күттірмеді. Владимир Путин: «Ресей тізе бүкпейді. Барлық шығындар Шығысқа бағытталған жаңа сауда байланыстары есебінен өтеледі», — деп мәлімдеді. Алайда талдаушылар алдағы айларда Ресей экономикасына қысым арта түседі деп болжайды: экспорттан түсетін табыс азайып, тасымал мен сақтандыру шығындары көбейеді.

Вашингтон бұл жағдай аясында Ресейдің одақтастарына да дипломатиялық қысымды күшейтуде. Алдағы апталарда Еуропалық одақ пен G7 елдерімен санкциялық саясатты үйлестіру жөнінде консультациялар өтеді деп күтілуде. The Guardian-ның бағалауынша, жаңа санкциялар толқыны әлемдік мұнай нарығының тепе-теңдігін өзгертеді: қысқа мерзімде тапшылық пен жанармай қымбаттауын тудыруы мүмкін, ал ұзақ мерзімде Еуропа мен Азияның баламалы энергия көздеріне көшуін жылдамдатады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату