Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
22 қазан, 2025 / Жасмина Нурлан / Әлем

Луврда ұрланған бұйымдардың құны – 88 млн еуро

Париждегі әйгілі Лувр музейінен ұрланған зергерлік бұйымдардың жалпы құны шамамен 88 миллион еуроға тең. Мамандар бұл тек қаржылық емес, мәдени мұра үшін орны толмас шығын деп отыр.

Луврда ұрланған бұйымдардың құны – 88 млн еуро
Фото: BBC

Бұл мәліметті Le Parisien басылымы Лувр кураторларына сілтеме жасап хабарлады. Париж прокуроры Лора Бекконың айтуынша, қаржылай шығын жоғары болғанымен, ең ауыр соққы – тарихи құндылықтардың жоғалуы.

Ол қылмыскерлердің ұрланған әшекейлерді балқытып жібермесе екен деген үмітін жеткізді.

«Ондай қадам олар үшін үлкен қателік болар еді», – деді прокурор.

Бекконың сөзінше, оқиға кезінде төрт күдікті болған, алайда тергеу тобы олардың артында басқа да ұйымдастырушылардың барын жоққа шығармайды. Қазір істі ашуға жүзге жуық тергеуші тартылған.

Financial Times мәліметінше, Франция бұл жағдайда сақтандыру өтемақысын ала алмайды. Мәдениет министрлігі түсіндіргендей, ұлттық музейлердегі экспонаттар мемлекет меншігі болып есептеледі, сондықтан ел өз-өзін сақтандыру жүйесімен қорғайды.

Le Figaro газетінің жазуынша, Лувр директоры Лоранс де Кар отставкаға өтініш бергенімен, ол қабылданбаған.

Луврдағы ұрлық 19 қазанда болған. Қылмыскерлер Наполеон, Мария-Антуанетта және өзге тарихи тұлғаларға тиесілі тоғыз бірегей әшекейді алып кеткен.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату