Зерттеуді Қазақстан, Оңтүстік Корея, АҚШ және Германия ғалымдары бірлесе жүргізген. Олар Абай облысындағы көне Көкен тұрақтарынан табылған 21 адамның сүйегін зерттеді. Соның ішінде екеуі — бүгінге дейін елімізде табылған ең ежелгі адам қалдықтары.
Бұл екі адамның сүйегі бір қорымнан табылған. Алғашында олар бір адамға тиесілі деп есептелген, алайда кейін зерттеу нәтижесі керісінше екенін көрсетті.
«Бірі жасөспірім, екіншісі ересек жастағы ер адам болған. Генетикалық сараптама олардың туыс екенін анықтады — екеуі әке жағынан жақын туыстар, яғни немере бауырлар немесе туған бауырлар болуы мүмкін», — делінген Science Advances журналындағы мақалада.
Зерттеу ежелгі екі адамның шыққан тегі әртүрлі екенін де анықтады. Бірі — ежелгі солтүстік еуразиялықтар әулетіне, ал екіншісі — палеосибирлік топқа жатады. Соған қарамастан, олардың жерлену рәсімі шығыс сібірлік дәстүрге ұқсас болған.
Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының жетекшісі Мақсат Жабағиннің айтуынша, бұл жаңалық қазақ жеріндегі халықтың генетикалық тарихы кемі жеті мың жыл бұрын басталғанын дәлелдейді.
«Қазіргі Орталық Азия халқының геномындағы шығысеуразиялық компонент тек түркілер мен моңғолдардан емес, сонау неолит дәуіріндегі Ертіс бойын мекендеген ежелгі тұрғындардан бастау алады», — дейді ол.