Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ресей әскерінің сапында соғысып 270 қазақстандық қаза тапқан

Украиналық «Хочу жить» жобасы Ресей әскерінің қатарында соғысқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Белгілі болғаны — олардың саны кемінде 270 адам. Жоба өкілдерінің айтуынша, шын мәніндегі қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін.

Ресей әскерінің сапында соғысып 270 қазақстандық қаза тапқан
Фото: Freepik.kz

Қайтыс болғандардың ең жасы — 19 жастағы Андрей Богомолов (2005 жылы туған). Ең жасы үлкені — 64 жастағы Александр Ялфимов, ол 254-мотожаяу әскер полкінде қызмет еткен. Тізімде жалдамалылар да, Ресейде немесе Қазақстан аумағында әскерге шақырылғандар да бар.

— Қазақстандықтарды әскерге тарту жалғасып жатыр. Олар түрмелерден, еңбек мигранттары арасынан және Ресейде «жоғары жалақылы жұмыс ұсынамыз» деп жалған еңбек агенттіктері арқылы іздестіріледі. Сонымен бірге ТМД елдерінің азаматтарына бағытталған интернет жарнамалары кеңінен қолданылуда, — дейді жоба авторлары.

Олардың пікірінше, Ресей алыс шетелден жалдамалы іздеуден бас тартып, тілдік айырмашылығы аз көрші мемлекеттерге назар аударған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдегі соғыс қимылдарына қатысу — қылмыс. Мұндай әрекет үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал жалдамалы ретінде соғысқан адам өмір бойына сотталып, азаматтықтан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін Orda.kz басылымы «еріктілер» жинап жатқан ресейлік хабарландыруға өтініш беріп, тексеру жүргізіпті. Вербовшылар оған келісімшарт, 3,5 миллион рубльге дейін төлем және Ресей азаматтығын уәде еткен.

Тағы бір жағдайда қазақстандық азамат Украинаға қарсы соғысқа қатысқаны үшін Ресей азаматтығын алған. 24 жастағы ер адам ауыр жарақат алғаннан кейін оған паспорт жедел түрде берілген. Бұл жағдайды ресейлік тарап «өмірлік маңызды мәселе» деп атаған.

Сондай-ақ Қазақстанда шетелдегі соғысқа қатысқандарға қатысты үкімдер де шығып жатыр. Биыл тамызда Атырау қаласының соты жергілікті тұрғынды бес жылға бас бостандығынан айырды. Ол Ресейге барып, қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Донецк облысында әскери дәрігер ретінде қызмет еткен. Елге оралған соң ұсталып, Қылмыстық кодекстің 172-бабы — «Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу» бойынша кінәлі деп танылды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату