Димаш 8 және 10 қазанда екі концерт беріп, 25 мыңнан аса көрермен жинады. Бұл концерттер Латын Америкасы үшін үлкен мәдени оқиға болды. Мехико әуежайында оны күтіп алғандардың басым бөлігі мексикалықтар еді. Әлеуметтік желілерде Димаштың келу сәті түсірілген видеолар қазір кең таралып жатыр.
Димаш тек сахнамен шектелмей, Мексикадағы Қазақстан елшілігіне де барды. Онда оны жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, әншінің сапары мазмұнды өтті: ол елші Алмурат Турганбековпен тоғызқұмалақта алғашқы символдық жүріс жасап, бір жасар Халид Йылдыз есімді баланың тұсауын кесіп, сәбиге ақ жол тіледі.
«БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымындағы ізгі ниет елшісі ретінде Димаш Құдайберген соғыс салдарынан зардап шеккен аймақтар мәселесін де көтеріп, әлемді бейбітшілік пен өзара түсіністікке, тұрақтылықты сақтау жолында бірлесіп әрекет етуге шақырды», — делінген министрлік хабарламасында.