Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Путин мойындады: Ақтауда құлаған Әзірбайжан ұшағының апатына Ресейдің қатысы бар

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Ресей мен Әзербайжан президенттері кездесті.

Путин мойындады: Ақтауда құлаған Әзірбайжан ұшағының апатына Ресейдің қатысы бар

Владимир Путин кездесуді өткен жылдың желтоқсанында Ақтауда болған әуе апаты жайлы талқылаудан бастауды ұсынды.

«AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған күні Ресейдің әуе қорғаныс күштері шекараны бұзған үш украин ұшаусыз аппаратына қарсы әрекет етті. Сол кезде атылған екі зымыран ұшақты тікелей соқпаған, бірақ бірнеше метр жерде жарылған. AZAL ұшағы, шамасы, зымыранның ұсақ бөлшектерімен зақымданған. Экипажға Махачкала әуежайына қону ұсынылған, алайда олар өз әуежайына дейін жетуді шешкен», — деді Путин кездесу барысында.

Оның айтуынша, ұшақтың құлау себептері мұқият зерттеуден кейін белгілі болған. Ресей президенті бұл оқиғаға қатысты жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Ресейді әдейі шабуыл жасады деп айыптамайтынын, бірақ кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын және жолаушылар мен әуе компаниясына өтемақы төленуін талап ететінін айтқан еді.

Еске сала кетейік, Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer-190 ұшағының апатына қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр.

Апаттың қорытынды есебі 2025 жылдың соңына дейін жариялануы тиіс.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату