Республикалық сенатор NBC News арнасына берген сұхбатында Путинді «қарақшы» деп атап, оған жай ғана дипломатиялық сөздермен ықпал ету мүмкін емес екенін айтты.
«Бұл адам – қарақшы. Оның тырнағының астында қан бар. Ол әдемі сөздерге мән бермейді. Оған жағымпаздану арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. Оған байыпты екенімізді көрсетуіміз керек», – деді Кеннеди.
Сенатор АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын қабылдамағанын да сынға алды. Оның пікірінше, Вашингтон Мәскеуге экономикалық қысымды күшейтіп, Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыруы қажет.
Сонымен қатар Кеннеди келіссөздердің маңызын жоққа шығармайтынын айтты. Алайда АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізе алмауына таңғалмайтынын жеткізді.
Сенатор бұған дейін де Ресейдің мұнайдан түсетін кірісін шектеу және Мәскеуге қарсы экономикалық қысымды күшейту қажеттігін бірнеше рет айтқан.