Жаңалықтар

Ет бағасы аспандады: бар кінә шөпте ме, делдалда ма?

Қазақстанда еттің қымбаттауына ең алдымен жем-шөп бағасының күрт өсуі себеп болып отыр. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рақымбековтің есебінше, 1 келі сиыр етінің нақты өзіндік құны шамамен 4 мың теңге, деп хабарлайды newsroom.kz порталы eldala.kz-ке сілтеп.

Сарапшының айтуынша, мал өсірудегі ең үлкен шығын — шөп пен жемге кететін қаржы.

«Сиырды екі жыл бағып семірту үшін шамамен 10 тонна шөп қажет. Биыл жазда бір тонна шөптің орташа бағасы 50 мың теңгеден асты. Демек, бір ірі қараға кем дегенде 500 мың теңге тек шөпке жұмсалады. Ал мал сойылғанда оның орташа салмағы 177 келі болса, тек шөптің үлесі әр келі етке шаққанда 2 825 теңге болады», — дейді Төлеутай Рақымбеков.

Оның есебі бойынша, шөп жалпы шығынның 50–70%-ын құрайды. Осылайша, сиыр етінің толық өзіндік құны 1 келі үшін 4 000–5 600 теңге аралығында. Сарапшы орташа баға ретінде 4 000 теңгені негізге алады.

Алайда тұтынушы етті бұдан әлдеқайда қымбатқа сатып алып отыр.

Себебі — делдалдардың үстеме бағасы. Шаруадан етті сатып алып қалаға жеткізушілер шамамен 20% маржа қосады, бұл бағаны 4 800 теңгеге жеткізеді. Ал дүкендер мен базардағы бөлшек сауда тағы 20% үстеме қосқанда, еттің құны 5 700–6 000 теңгеге дейін өседі.

Егер тасымалдау мен сату тізбегінде бірнеше делдал болса, баға одан әрі қымбаттайды. Тек сүйегімен сатылатын еттің бағасы сәл арзан болуы мүмкін.