Агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, кейбір жеткізушілер тауарлардың орташа бағасын әдейі өсіріп отырған:
«Мысалы, кәдімгі орауыш скотчтың бағасы 2 теңгеден 99 мың теңгеге дейін көрсетілген. Яғни айырмашылық — 50 мың еседен асады. Бұл орташа бағаны қолдан көтеру үшін жасалады», — деді ол Үкімет отырысында.
ҚМА дерегінше, 7,5 мың жағдайда сатып алуға қатысушылар келісімшарт жасалған соң өз ұсыныстарын жүйеден өшіріп тастаған.
8,3 миллиард теңгеге жасалған 8 мың келісімшартты іріктеп тексеру кезінде шамамен 4 миллиард теңге көлемінде негізсіз баға өсімі анықталған.
Сонымен қатар, жеткізілген тауарлардың бір бөлігі техникалық сипаттамаға сай келмегені белгілі болды.
Мұндай сатып алулар Omarket.kz платформасы арқылы жүзеге асады. Бұл жүйе ең төмен бағаны автоматты түрде анықтауы тиіс. Алайда, Бижановтың сөзінше, іс жүзінде ол бәсекелестік бар сияқты көрсету және орташа бағаны қолдан көтеру үшін пайдаланылып келген.
Қаржы мониторингі агенттігі енді мемлекеттік сатып алуларға бақылауды күшейтіп, мұндай алаяқтық схемаларды болдырмау үшін реттеу тетіктерін қатаңдататынын хабарлады.