Бұған дейін 1,5 миллиард теңге деп көрсетілсе, қазір сома 3,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов хабарлады.
Оның айтуынша, бұл іске бұрынғы мәслихат депутаты Бекет Әбішев те қатысы бар деген күдік бар.
«Қазіргі уақытта олар 3,3 миллиард теңге көлеміндегі субсидия қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», — деді Бижанов Үкімет отырысында.
Айта кетейік, сәуір айында Айымбетов қамауға алынған болатын. Ол — Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қызметтер мен цифрландыру департаментінің бұрынғы басшысы. Тергеу мәліметінше, ол бюджет қаражатын жымқыру мен жылыстату схемасына қатысқан.
Алғашқы деректер бойынша, келтірілген шығын көлемі 1,5 миллиард теңге деп бағаланған еді. Алайда кейін тергеу нәтижесінде нақты сома екі еседен аса ұлғайған.
Материалдарда көрсетілгендей, 2018–2022 жылдар аралығында Айымбетов Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидия алу кезінде алаяқтық жолмен әрекет еткен. Ол Бекет Әбішевпен бірге 29 шаруа қожалығының электронды қолтаңбаларын және жалған құжаттарды пайдаланып, элиталық таңқурай көшеттерін жеткізгендей көрініс жасап, субсидия иеленген.